Өткен аптада әлеуметтік желілердегі қазақ аудиториясы Айнұр Тұрсынбаеваның Стамбұл қаласында өткізген тойын, Рим Папасының Нұр-Сұлтан-Астанаға сапарын, Нұрсұлтан Назарбаевтың мешітке барғанын және Геннадий Головкиннің жекпе-жегін талқылады.
Айнұр Тұрсынбаева ұлы мен келінінің үйлену тойын Түркияның Стамбұл қаласында дүркіретіп жасап, Қазнетті шулатып қойды. Еліміздің ығайы мен сығайы жиналған той әлі де ел аузында. Бірі ақынға құда болған жақта арман жоқ десе, бірі тойда таратылған гауһарларды сөз қылды. Аудитория ұлан-асыр тойды жақтағандар және даттағандар болып екіге бөлінді. Жақтаған топ «Адал еңбегімен тапқан ақшасы, қалай тойлатамын десе өз еркі» деді, даттағандар қазақтың «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» деген мақалын келтірді. Әрі Айнұр Тұрсынбаева мұндай тойды Қазақстанда да жасай алатын еді, неге ақшаны шетелге жаратуға құмармыз деп, өнер адамдарының патриотизміне күмән келтірді. Ақынның өзі бұл әрекетін «туыстарым шетел көрсінші деген ниетім болды» деп түсіндірді.
Рим Папасының Қазақстанға келуі аудиторияның әрқилы реакциясын тудырды. Көпшіліктің пікірінше, дәл қазір қазаққа Рим Папасы емес, экономикалық күйзелістен, қымбатшылықтан құтқаратын шешімдер керек. Сондай-ақ, діншіл қауым өз мұсылман дініміздің ұлы тұлғаларын емес, өзге дін өкілдерін әспеттейтініміз дұрыс емес деп сынады. Дегенмен, әлемде беделі зор адамның Қазақстанға келуі еліміздің имиджіне оң әсер ететінін түсінгендердің даусы жарқын шықты.
Елордаға Астана атауы қайта оралғаны туралы жаңалыққа қазақ аудиториясы аса қуанбады. Пікірлердің арасында «Оның орнына Павлодар, Петропавл қалаларын неге қазақшаландырмайды», «Қайта атауға жұмсалған ақшаға оданша зауыт-фабрикалар неге ашпайды» деген сауалдар тасталды. Әрі «Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор, оның атымен аталғанында тұрған ештеңе жоқ» деген пікірлер де жиі жазылды.
Астана атауы қайта оралып жатқанда тұңғыш президент – Нұрсұлтан Назарбаев елорданың үлкен мешітіндегі жұма намазға қатысты. Бұрынғы елбасының жамағатпен түскен суреті желіде талқыға түсті. Экс-президентті даттағандардан гөрі, елге сіңірген еңбегін еске алып, ризашылық білдіргендердің пікірі басым болды.
Геннадий Головкин-Сауль Альварес трилогиясы өткен жексенбіде аяқталды. Отандасымыз мексикалық боксшыдан жеңіліп қалды. Соған қарамастан, аудитория Головкинге қолдау білдіріп, 40 жаста рингке шығу, әрі өзіңнен бірнеше жас боксшымен күресу оңай емесін айтып жатты. Арасында «Бокстан да, биліктен сияқты өз уақытында кету керек», «Бұл жай ғана бизнес» деген сарказм-кеңестер де естіліп жатты.