Түркістан облысының Кентау қаласындағы мүгедектігі бар жандар көшеге шығып, қордаланып қалған мәселелерді биліктің есіне салды. Олар мемлекеттік жәрдемақы деңгейін көтеруді талап етті, деп жазады Stan.kz.
Жәрдемақымен күн көру қиын боп барады, сондықтан мүгедектігі бар адамдарды қоғамдық жұмысқа да тарта бастады. Алайда бұл жерде де қаржыландыруды қысқартады.
Бұрын 85 мың теңге еді, қазір 40 мың теңге. Зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық, әлеуметтік төлмедер ұсталады. Кабинетте кондиционер астында жұмыс істейтіндер 400-500 мың айлық алады, біздікі 40 мың,
деп қынжылады бірінші топ мүгедегі Дүйсенәлі Жүсіпов.
Жиналғандар қымбатшылық кесірінен кейбір мүгедектігі бар жандар кедейдің күнін кешіп жүргенін айтты.
Қазір қалада қоқыс жәшігін ақтарып нан іздейтіндер көп. Мына қымбатшылық бізді құртады. Бірінші топ мүгедектерінің айлығын 100 мыңға дейін, екінші топтыкін 85 мыңнан 90 мыңға дейін, үшінші топтағыларды 70 мыңға дейін көбейтсін,
деп жиналғандардың ұсынысын бірінші топ мүгедегі Дастан Орынбасаров жеткізді.
Оған қоса, адамдар Кентаудан ауруды күтушіні табу мүмкін емес екеніне шағымданады. Өйткені тіпті көршілес өңірлермен салыстырғанның өзінде олардың айлығы аз. Алматы облысында ауруды күтушілер 170 мың теңге алады, Түркістанда 130 мың теңге алады. Кентауда олардың айлығы 50 мың теңгеге де жетпейді.
Сонымен қатар, жиналғандардың айтуынша, қаладан 10 шақырым қашықта орналасқан ауылдарда 25% ауылдық үстеме және экология үшін 20% қосылады. Неге екені белгісіз, Кентауда бұл қарастырылмағанын айтады.
Қала әкімі мұндай проблемадан хабардар екенін айтып, бірақ қазір тек қоғамдық жұмыстар үшін төленетін ақыны көтеруге жұмыс жүріп жатыр деп сендірді.