Атырау облысының Миялы жұрты 18 жасар Бекбол Досболұлының денесін жер қойнына тапсырды. Жамбыл облысында шекара қызметінде әскери борышын өтеп жүрген сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған.
Денесін үйіне жеткізген әскерилер марқұм сүйген қызымен ренжісіп қалғандықтан өмірден түңілді дегенді айтты. Алайда, Бекболдың жүріп жүрген ауылдағы қызы жігітінің соңғы жазған хаттарын жылап тұрып оқып берді. Бейнежазбаны журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында жариялады.
Қорқынышпен өмір сүріп жүрмін. Көрінгеннен қорқып жүрмін. Бұрын адамнан қорықпаушы едім. Түңіліп кеттім. Бұлай қорқынышпен өмір сүргенше мен өмірден жоқ болып кеткім келеді. Мен сені жақсы көремін. Ұрсып қалсақ ол осылай жаза ма маған?
деп сауал тастады қыз.
Жерлеу рәсімдері өткен соң марқұмның туыстары Желіге бейнежазба салды. Онда
Бауырым әскерге отан алдындағы борышым деп кетіп еді сол кеткеннен мәңгіге кетті,
деген жазба қалдырылған.
Видеодан жігіттің жарқын жүзді, көңілді адам екенін байқауға болады. Ол осы жылдың көктемінде әскерге шақырылған. Мерзімді сарбаз отбасындағы үлкені, оның қарындасы және інісі бар еді. Қайтыс болған жігіттің отбасы оның өлімінің ресми деректеріне сенбейді және әділ тергеуді талап етуде.