Украинадағы соғысты ашық қолдағаны үшін сынға қалған «Камызяки» КВН командасының концерттеріне билеттер сатылымы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұған дейін жұртшылық «Камызяки» тобының Қазақстанда концерт беруіне қарсылық танытқан еді. Тіпті “Камызякидің” Қазақстанда жоспарланған концерттерін өткізбеу туралы петиция да жарияланған.
Қазір Kino.kz және Ticketon.kz сайттарында билет алу уақытша мүмкін емес. Kino.kz сервисінің операторы жауап беріп, концерттің болмай қалуы ықтимал екенін жеткізді.
Бүгінде концерт жайлы нақты ақпарат жоқ. Дегенмен концерт болмай қалуы да мүмкін. Сондықтан билет брондау уақытша тоқтатылды,
деді оператор.

Еске салайық, «Камызяки» тобының мүшелері Азамат Мұсағалиев пен Денис Дорохов Ресей басып алған Украинана аймақтарына барып, Ресей әскері мен жергілікті халыққа қолдау білдірген еді.
Бұл жер шынымен көңіл елжіретеді. Біз бұл жерлердің тарихы туралы көп ақпарат естідік. Шынымды айтсам, оқиғаларды естіген кезде денем түршікті,
дейді әзілкеш Денис Дорохов бейнежазбада.
Көп ұзамай ресейлік әзілкеш Азамат Мұсағалиев Ресей оккупациялаған Украинаның Донбасс қаласына жасаған сапарынан кейін «Бітімгер» (“Миротворец”) сайтының дерекқорына енді. Украиналық порталдың деректер базасын құрастырушылар шоуменді “орыс-фашист басқыншыларының сыбайласы және Ресей билігінің қылмыстарына серіктес” деп атады.