Бүгін танымал Қазақстандық блогер Мұрат Бірмағамбетовтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Ол 19 қараша күні жоғалып кеткен. Ал 27 қараша күні таңертең оның денесі Орал қаласындағы Жеңіс ықшамауданынан табылды.
Ақтөбеде жоғалып кеткен белгілі блогер Оралда өлі табылды. Алдын ала болжам бойынша, 38 жастағы ер адам 7-қабаттың балконынан секіріп кеткен. Қайғылы оқиға орнынан суицид туралы жазба табылды.
Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша істі сотқа дейінгі тергеу басталды,
деп мәлімдеді БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметі.
Бір Instagram қолданушысының айтуынша, желіде Мұраттың әйеліне жіберген соңғы хабарламасы пайда болған. Онда ер адамның ұзақ жылдар бойы құмар ойынына тәуелді болғаны айтылған.
Полицейлердің айтуынша, блогер қалдырған суицид туралы жазбада құмар ойыны туралы бірде-бір сөз жоқ.
Айта кетейік, Мұрат Бірмағамбетов — блогер, вайнер, волонтер әрі Ақтөбе КВН командасының бұрынғы капитаны болған. Сондай-ақ Мұрат қайырымдылық іс-шаралардың басы-қасында жүрген. Ол ақтөбелік қыз-жігіттермен бірге «100 дос» атты жобаны іске асырып, мұқтаж жандарға жәрдемдескен. Марқұмның артында жұбайы және 2 қызы қалды.