Бизнесмен, меценат Құдайбергеннің абақтыда отырғанына 5 айға таяп қалды. 20000 террористтердің бірі деп абақтыға тығылған қоғам белсендісі Instagram парақшасында «Жаңа Қазақстанда» әділдік жоқ деген пост жариялап, халықтың назарына ілікті. «Соған қазағым, бір бастан жаға болып шығыңыздар» деп, бейбіт митингті талап етіп отыр.
Посттың мазмұны:
Ассалаумағалейкум, құрметті Қазақ елі!!! Абақтыда жазықсыз отырғаныма, міне 5 айға таяп қалды. Бірінші, екінші, үшінші айларда тергеушілер менің ұялы телефонымды, компьютерді, флешкаларды қаңтар оқиғасы кезінде болған жерлерді тексереміз, мен бар видеобейнелерді сараптаймыз, телефон арқылы кіммен сөйлескенімді анықтаймыз деді. Одан кейін сот санкциясын тағы 1 айға созды. Әй қазақпын ғой деп, сабыр сақтадым. Бірақ төртінші ай өткеннен кейін, тергеушілер тағы 2 айға санкцияны создырды. Менің заңды қорғаушыларымның екі ай не үшін керек дегенде, Қайрат Құдайбергеннің қандай компанияларға, бизнестерге қатысы бар екенің білу үшін деп жауап берді, яғни мен қандай кәсіпкерлікпен айналысатын компанияларға құрылтайшы ретінде тіркелгенімді анықтамақшы. Ең басты туындаған сұрақ: Бұл мәліметтердің қаңтар оқиғасына қандай қатысы бар??? 123 күннің ішінде тергеуді жүргізіп, мен жазықсыз екенімді біле тұра, менің бас бостандығымды тағы 2 айға айырды. Маған тергеушінің бірі ашылып ”сенің үстінен бірдеме таппай жәй шығармайды, олардың өздерінің бастары кетеді” деді. Абақтыда жазықсыз 5 айға жуық уақыт отырып ”Жаңа Қазақстанда” әділдік пен әділеттіліктің жоқ екендігін анық көрдім”.
Арғымақтың құйрығы,
Әрі жібек, әрі қыл
Ер жігіттің белгісі-
Әрі мырза, әрі құл… деген қазағым
Мырзалығымды көрсетпей, жеріме шын ниетпен құлшылық еткенім үшін, елім деп қанды қаңтар оқиғасы кезінде шыққан үшін, мені 20000 террористтердің бірі деп жазықсыз абақтыға тықты. Әділетсіз “Жана Қазақстан” режимі қанша тұрады екен? Президент Тоқаев бейбітшілік митингтерге әкімшілікке “уведомление” беру арқылы шыға беру болады деген бірақ шынайы өмірде менің анама және басқа белсенді адамдарға, менің жазықсыз абақтыда отырғаныма қарсы бейбіт митинг өткізуіне Алматы қаласы әкімшілігі сылтаулатып 5-6 рет тыйым салды!
“Жаңа Қазақстанда” әділеттілік жоқ, сол себептен қазақ елі сізден көмек сұраймын, намысы бар қазақ ерлері мен ботакөз қарындастарымнан көмек сұраймын! Әрдайым еліме қолымнан келгенше қызмет еттім, енді сіздердің қолдауларыңыз кажет! Заңды бейбіт митингті талап етіп, соған қазағым, бір бастан жаға болып шығыңыздар!
Жалғыздың үні шықпас, қазағым бір болсын!
Қайрат Құдайберген сәуір айының соңында ұсталды. Ол қаңтар оқиғасына қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды. 16-ші тамызда Құдайбергенді қамауда ұстау мерзімі тағы ұзартылған еді. Яғни мерзімін 21-ші қазанға дейін созды. 20 шілдеде Қайрат Құдайберген Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттық мандатынан айырылып, «Аманат» партиясынан шығарылды.
1 қыркүйек күні Тоқаев халыққа жолдауында қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жарияланатынын мәлімдеді. Бірақ амнистия тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы барлар мен басты күдіктілер, сонымен қатар мемлекетке сатқындық жасап, билікті күшпен ауыстырғысы келгендерге қатысы болмайды. Дегенмен, кім біледі, Құдайбергеннің сол амнистияға іліну мүмкіндігі бар шығар. Оны уақыт көрсетеді.