Көкшетау полиция қызметкерлері қылмыс ісін жабамыз деп уәде беріп 50 мың АҚШ долларын алды деген күдікке ілініп отыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Көкшетау полиция басқармасының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу ісін бастады. Полиция қызметкерлері басқа орган айналысып жатқан кәсіпкердің қылмыс ісін жабу үшін 50 мың АҚШ доллары (шамамен, 24 млн. теңге) көлемінде ақша алу фактісі бойынша күдіктеліп отыр.
8 шілдеде жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесі арқылы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына бойынша, полиция басқармасы бастығының орынбасары ұсталды. 9 шілдеде тергеу соты күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алуды бекітті,
деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жарияланбайды.