Ажар Ғиният қазақстандықтарға МӘМС жарналарының 50% қайтару ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінде бұның барлығы заңнамалық тұрғыдан анықталған, бекітілген. Ақша қайтарылмайды. Биыл бұл адам ауырып-сырқамаса, онда жылына орта есеппен түсетін 100 мың теңгенің 50 мың теңгесін оған қайтару қарастырылмаған. Себебі келер жылы оған 1 млн теңгенің медициналық көмегі қажет болатын шығар… Сондықтан бұл көмек барлығына бірдей қол жетімді болуы үшін қаражат қайтарылмайды,
деді Ажар Ғиният Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып.
Ол сондай-ақ МӘМС жүйесі халықтың жағдайын жақсартуға оң әсер етекенін атап өтті.
«Мысалы, коронарографияны, миокард инфарктісі кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық – оны емдеу құны 1,2 — 1,5 млн теңге. Сондықтан бұл жүйе бастапқыда «дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе» ретінде құрылған, — деп түсіндірді Ажар Ғиният.