Дүкен сөрелерінде бақша дақылдары, соның ішінде қарбыз да пайда болған. Мамандар маусым айында қарбыз алу қаншалықты дұрыс екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Әдетте, жемістер мен көкөністер тез өсу үшін арнайы химиялық заттар, нитраттар қосылады. Сарапшылардың пікірінше, нитрат – у емес, тез пісуге көмектесетін азот. Бірақ адам ағзасына шамадан тыс нитрат түссе, бұл денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін.
Қарбыздағы нитраттардың мөлшерін көзбен анықтай алмаймыз, ол үшін экспресс-нитратомер деп аталатын арнайы құрылғы қажет. Әдетте нитраттар 60 мг/кг-нан аспауы керек. Одан аспаса, қарбызды жеуге болады, өйткені нитраттардың қалдық мөлшері қалыпты,
деді зертхана меңгерушісі Гүлнара Сақтапбергенова.
Мамандар бақша дақылдарын шілде-тамыз айларында сатып алу қауіпсіз екенін атап өтті. Әрі арнайы белгіленген сату нүктелерінен алған жөн, онда өнімдер зертханалар немесе бақылау құжаттарымен тексеріледі.