Қарағандының Пришахтинск ауданында әйел адам бір уыс таблетка ішіп, суицид жасамақ болды, деп хабарлайды Patriotnews.kz сайты.
Жедел жәрдем дәрігерлері оны құтқарып қалды — асқазанды шайып, система қойды. Әйел ауруханаға жатқызылды.
Оның дәрігерлерге айтқан алғашқы сөздері: «мен несиелерден шаршадым» деген. Қазір әйелдің жағдайы қанағаттанарлық.
Ал екі апта бұрын ұқсас оқиға орын алды. Дәл осы ауылда 24 жастағы жігіт өз-өзіне қол жұмсады. Өлерінің алдында банктерге қарызданып қалғанын, несие төлеуге жалақысы жетпейтінін айтып шағымданған. Өзі күзетші болып қызмет атқарған екен. Жас жігіт отырған жерінде есіктің ұстағышына асылып қалған.
Он күн бұрын Астанадағы Каспи банк ғимаратына шабуыл жасалған еді. Ол да осы қарызға белшесінен батқан ер адамның әрекетіне ұқсайды. Бұл жағдайдан кейін қаржы сарапшылары елде несие мәселесін көтеріп, пайыздық мөлшерлемені төмендетуді ұсынған. Қаржыгерлердің сөзінше, сыйақы мөлшерлемесінің жоғары болуы халықтың өмір сүру деңгейіне кері әсер етеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда несие бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 56% шегінде.
Не деген сұмдық.