Оны техникалық тұрғыдан орындау мүмкін емес, деп хабарлайды Dala Inside арнасы.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi bank активтері 5,1 триллион теңгеге бағаланады. Астанадағы банк бөлімшесін басып алып, адамдарды кепілге алған Әлихан Мұрадов (кепіл қызметкерлер босатылды, Мұрадов тұтқындалды) осы активтерді балаларға, мүгедектерге аударуды талап еткен. Бірақ актив деген банкте жатқан ақша емес, ол банктің халық пен фирмаларға берген кредиті. Бір сөзбен айтқанда, физикалық тұрғыда банк активтері халық пен фирмалардың қолында.
Былтыр Kaspi bank таза кірісі 363 миллиард теңгеге жетті.
Ол жағынан Каспи Халық банктан кейін екінші орын алады. Kaspi bank Baring Vostok инвестициялық қорына (28,5%), Михеил Ломтадзеге (24,29%), Вячеслав Кимге (23,1%), Лондон қор биржасынан Каспи акцияларын сатып алған көптеген инвесторларға (21,02%) тиесілі.
Сондықтан Kaspi bank басшылығы активтерге қатысты шешім қабылдай алмайды. Ол үшін дауыс беру құқығы бар инвесторларды жинауы тиіс. Екінші жағынан, банктің міндеттемелер корзинасында Қазақстан халқы депозит ретінде ұстап отырған 3,5 триллион теңге бар. Өз депозитін ешкім олай талан-таражға салдырмайтыны анық.
Kaspi bank қайырымдылықпен тұрақты түрде айналысып келеді. Өткен жылы банк «Қазақстан халқы» қорына 7 млрд теңге аударған болатын.