Президент және парламент сайлауларына шамамен 45 млрд теңге жұмсалады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлімдеді, деп жазады Zakon.kz.
Татьяна Савальева негізі елдегі президент сайлауы 2024 жылға жоспарланғанын айтты. Оған кететін шығын сол жылдың бюджетіне де енгізілген еді. Президент сайлауы биыл өтетіндіктен оған қаржы үкімет резервінен бөлінетін болды.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы екі сайлаудың да шығынын есептеп жатыр.
Дегенмен шамамен алынған сома — 20 млрд теңге. Парламент сайлауына келетін болсақ, бұл шамамен осыншама шығын. Олардың құны шамамен 25 миллиард теңге болып тұр,
деді Татьяна Савельева Мәжіліс алаңында.
Демек екі сайлауға барлығы шамамен 45 миллиард теңге жұмсалады.
1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2022 жылғы күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеген еді.