Солтүстік Қазақстан облысында ерлі-зайыптының екеуі де бес жылдан бас бостандықтарынан айырылды. Екі елі ауызға бір елі қақпақ демекші, тілдерінен шыққан сепаратистік мазмұндағы сөздері үшін сотталды. Олар әлеуметтік желідегі бейнероликте Солтүстік Қазақстан облысын Ресейге қосуды үгіттеген, деп жазыпты inbusiness.kz.
Не айтуға болады? Әділ сот, әділ жаза. Бұған дейін де талай қазақстандық азамат сепаратистік бағытта ой-пікір айтқан. Олардың көпшілігі жазадан кешірім сұраумен құтылғаны рас. Сондықтан Солтүстік Қазақстан облысында сепаратистік әрекеті үшін ерлі-зайыптының сотталуы өзгелерге ескерту болар.
Естеріңізде болар, «Европа плюс Қазақстан» радиосының жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі тіпті тәртіп орнату үшін «Вова ағайды көмекке шақырамыз» деп салғаны да кеше ғана. Вова ағай деп отырғаны – Путин. Ресейдің Украинаға басып кіргеніне масаттанған радио жүргізушісі қазақстандықтарды әсіре ұлтшыл деп айыптаған.
Осы сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ұлтараздықты туындататын мұндай сепаратистік ұстанымдар Қазақстан азаматтарының санасына қайдан келіп жатыр. Әрине, бірінші кезекте Ресейден келеді. Әсіресе депутаттары жүйелі түрде Қазақстанның біртұтастығына қайшы келетін қаңқу сөзді айтып келеді. Ондай сөздің бәрін Кремль саясаткерлерге әдейі айтқызады деген түсінік қалыптасқан. Мұның шындығы бар да болар. Тіпті бір кездері президент Владимир Путиннің өзі де беті бүлк етпей қазақтың жерінде мемлекет болмаған деп салған жоқ па?
Қазақстандағы сепаратистік ұстанымдағылардың қолтығына су бүркетін де Ресейдегі саясаткерлер мен шенеуніктер екені бесенеден белгілі. Оған қоса Ресей телеарнасының насихаты да қазақстандықтардың санасын айналып өтіп жатқан жоқ. Насихаттың шовинистік бағытта екені айтпаса да түсінікті. Ресейлік арналардың Қазақстан аумағына енуіне тосқауыл қояйық деп жүрген қоғам белсенділері аз емес. Өкінішке қарай, әзірге нақты нәтижеге қол жетпей тұр, халық Ресей телеарналарының насихатын күн сайын тыңдап отыр. Бұл да сепаратистік көңіл-күйдің ширай түсуіне септік жасайтыны жасырын емес. Не де болса, өз азаматтарымыздың идеологиялық және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, шетелдік пропаганданың ықпалын жоймай, мұндай «үй ішінен үй тіккендерден» құтыла алмаспыз.