Соғыс басталғаннан бері Ресейдің дәріханаларынан адам өмірі үшін аса маңызды дәрі-дәрмек табу қиындық тудырып отыр, деп хабарлайды Вёрстка.
Ресейліктер арасында «дәріхана туризмі» танымал бола бастады. Қазір дәрі-дәрмектердің кем дегенде 80 түрі жетіспейді. Халық дәрі іздеп көрші елдерге сандалуда. Дәрігерлердің айтуынша, ем қабылдаушылар заманауи «Оземпик» және «Трулисити» препараттарын Қазақстаннан алдыра бастаған. Бұл қандағы қантты бақылауға арналған, аптасына бір рет инъекция арқылы саалынатын дәрі. Айтуларынша, Қазақстан көрші орналасқандықтан пациенттерге бару жеңіл. Новосибирскіден Нұрсұлтанға екі сағатта ұшып жетуге болады. Сонымен қатар, ол жақта көпшілігінің туысқандары бар. Ал дәрілер рецептсіз сатыла береді. Антидепрессанттар мен гормональді контрацептивтер үшін Грузия мен Түркияға барады. Эпилепсияға қарсы дәрі Ресей нарығында сатылымда мүлде жоқ. Мұндай препараттардың ресейлік аналогтары болғанымен, сапасы сын көтермейді екен. Еуропадан дәрі-дәрмек жеткізу әзірге мүмкін болмай отырған көрінеді. Ресейліктер үшін қатынау құралдары қолжетімсіз. Жергілікті дәрігерлер міндетті түрде рұқсат қағазын талап етеді.
Әзірге денсаулық сақтау ұйымы рұқсат еткен дәрі-дәрмектерді жеке тұтыну мақсатында әкелуге шектеу жоқ. Алайда күзде бұл мүмкіндіктен де айырып қалу қаупі бар дейді заңгерлер.