Шығыс Қазақстан облысының Согра ауылында 12 жасар жасөспірім жоғалды. Бала 14 тамызда 02:30-да үйінен шығып кеткен. Бүгін жасөспірімді жедел іздестіру штабы құрылды.
14 тамызда сағат 14:00-де полицияның Ертіс бөліміндегі 102-каналына кәмелетке толмаған баланы іздеуге жәрдемдесуді сұраған қоңырау түскен. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті хабарлады.
Баланың аты-жөні — Темірлан Ахметжанов. Аутизммен ауырады, сөйлей алмайды.
Іздеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қазір сол жерде жедел штаб құрылды. Азаматтар онда барып, қажет ақпарат ала алады және іздестіру шараларына қатысуға өтініш бере алады,
делінген ІІД таратқан хабарламада.
Темірланды 500-ден астам адам іздеп жатыр. Оның құрамында 350 полиция қызметкері, ҚР Ұлттық ұланының 100 әскери қызметкері, құтқарушылар мен еріктілер бар.
Тұрғын үй аулалары, шаруашылық құрылыстары қаралып жатыр. Іздеуге қызметтік иттер қатыстырылды.
Айта кетейік, бұған дейін 7 тамызда Қостанай облысының Жамбыл ауылында аутизммен ауыратын 5 жасар қыз жоғалған еді. Оның денесі 3 күннен соң судан табылды.
Бұл жағдайдан кейін Аутист бала тәрбиелеп отырған Сандуғаш Шортанованың Facebook-те жазбасы жарияланған еді. Ол үкіметтен бөлінетін 104 мың теңгеге аутист баланың екі дәрісін ғана сатып алуға болатынын айтты.