Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда теледәрігер ретінде танылған ресейлік Елена Малышевамен байланысы бар клиника ашылатыны туралы ақпарат туралы пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде БАҚ өкілдері Шымкент әкімінен Ресейде медициналық тележобалармен танылған Елена Малышевамен байланысы бар клиниканың ашылуы жөнінде сұрады.
Мұны жекеменшік клиника бастаған сияқты. Астанаға ұшып келген кезде Шымкенттегі БАҚ-та қатты талқылап жатыр екен. Содан білдік. Бүгінгі күнде ол мердігер тарапынан мемлекеттен беретін лицензияға, басқа да құжаттарға сұрау салмаған. Қазір ол мердігер жарнамасын алып тастады. Ол методика ма, ол жағы түсініксіз. Қосымша жұмыс істегеннен кейін ақпаратын береміз. Егер талаптарға сәйкес болса, біз құжаттарын қарап, заңға сәйкес жұмыс істейміз. Бізге бүгінге дейін ешбір арыз түсірген жоқ. Арыз бергеннен кейін қараймыз. Мемлекетте тіркелген, тіркелмегенін тексереміз,
деді әкім.
БАҚ өкілдері Елена Малышеваның емдеу тәсіліне байланысты күдік көп екенін айтып, бұл мәселе қаншалықты зерттелгенін сұрады.
Мұрат Әйтенов бұл сауалға Қазақстан көп полярлы сыртқы саясатты ұстанатынын айтып, жауап берді.
Біздің сырттағы ұстанымымыз – бәріне ашық болу. Көпполярлы ұстанымдамыз. Бәрімен доспыз. Оның ұстанымы мен емдеу әдістемесі екі бөлек дүние деп ойлаймын. Сондай-ақ оның емдеу әдістемесі қандай екенін білмеймін. Ол мәселені әлі зерттеген де жоқпыз. Заң бойынша олар Денсаулық сақтау министрлігінің медицина сапасына жауап беретін департаментіне өтінім жолдайды. Ол департамент тікелей министрлікке бағынады. Егер оларға тиісті рұқсат пен лицензия берілсе, тыйым салмаймыз. Өйткені бұл нарықтық экономика,
деді Шымкент әкімі.
Еске салсақ, бұдан бұрын әлеуметтік желі қолданушылары Шымкентте Елена Малышеваның клиникасы ашылатынына наразылық білдірген болатын. Наразылықтың бірнеше себебі бар: Малышеваның Ресей Федерациясындағы қолданыстағы режимді қолдауы, оның тұлғасына қатысты жанжалдар және орталықтың маңдайшасында қазақша жазудың болмауы.