Жасмин Тастан деген мектеп түлегі қабылдау комиссиясының техникалық қатесінен гаранттан қағыла жаздады. Қазір бұл мәселе шешілді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Мектеп түлегі Жасмин Тастан мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған.
Қабылдау комиссиясы маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қате жіберіп алған. Түлек жинаған балды 120 деп емес, 107 деп белгілеп жіберген.
Грант иегерлері тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін ата-анасы біледі. Сол оқу орны басшылығына, министрлікке арызданды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қате үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қате түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады,
делінген министрліктің хабарламасында.
Ал құжат қабылдауда қате жіберген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманы «сөгіс» алды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжатын қабылдау кезінде мұқият болуды ескертті.
Еске салайық, 2022-2023 оқу жылына арналған білім гранты иегерлері тізімі жарияланған еді.