Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесу барысында энергетикалық сусындарды 18-ге толмаған жасөспірімдерге сатуға тыйым салу мәселесін көтерді. «Ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін бұл өте маңызды» дейді мемлекет басшысы. Зиянды заттарды сатуға шектеу қоюды мамандар көптен бері айтып жүр.
Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Әлиақпар Матишев те осы мәселені көтерген болатын. Ол Қазақстанда 18 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салатын заң керек деген болатын.
«Біздің ойымызша, 18 жасқа дейінгі адамдарға сусындар сатуға тыйым салу керек. Көптеген елдерде энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған немесе тек дәріханаларда сатуға рұқсат етілген. Литвада энергетикті 18 жасқа толмаған адамға сатқан сатушы 500 доллар айыппұл төлейді. Бүгінгі таңда бізде энергетикалық сусындарды сату тәртібі жоқ, біз жұмыс істеп, осы мәселені ретке келтіруіміз керек»,
деген еді Матишев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бүгінгі таңда энергетиктерге Францияда, Данияда, Австрияда, Түркияда, Норвегияда, Уругвайда және Исландияда, сондай-ақ АҚШ-тың кейбір штаттарында тыйым салынған, ал кейбірінде оны тек дәріханалардан сатып алуға болады. 2014 жылдан бастап еуропалық ережелер кофеині жоғары барлық энергетикалық сусындарды балаларға, жүкті және бала емізетін әйелдерге тұтынуға ұсынылмайтыны туралы ескертуді талап етеді.
Былтырғы зерттеу мәліметтері бойынша, энергетиктер сусындардың сатылымы 42%-ға өсіп, сусындар ішінен екінші орынға көтерілген. Сарапшылардың пайымдауынша, энергетиктердің мақсатты аудиториясы — бұл 35 жасқа дейінгі жастар, олар Қазақстанда жалпы халықтың шамамен 33% құрайды.
Расында, қазір қайда барсаң да, қолдарына энергетикалық сусын ұстаған жасты да, ересекті де жиі көреміз. Әп-сәтте күш-қуат беретін сусынның құрамы мен оның зиянын зерделеп жатқандар кемде-кем. Және бұл бекер, себебі энергетикалық сусынды көп мөлшерде және жиі тұтыну түрлі аурулардың бастамасы бола алады.
Энергетикалық сусындар — құрамында кофеині шамадан тыс жоғары алкогольсіз сусындар (100 мл-ге 30-50 мг). Осылайша, бір банкадағы кофеин екі шыны эспрессомен тең.
Көптеген энергетикалық сусындардың құрамы ұқсас — су, қант, кофеин, минералдар, дәрумендер және L-карнитин, таурин және адамтамыр сияқты стимуляторлар. Денсаулыққа қауіп негізінен қант пен кофеиннің көп мөлшерінен төнеді. Кейбір энергетиктердің бір порциясында 100 мг-ға дейін кофеин бар, бұл әдеттегі кофеден (12 мг) 8 есе көп. Ересектер үшін күніне 400 мг-нан аспайтын кофеин ұсынылады.
Нутрициолог Ұлжалғас Сманова энергетиктер құрамына жеке-жеке тоқталып, олардың адам ағзасына қалай әсер ететіні туралы айтты.
Кофеин — негізі адам ағзасына кофеин керек, бірақ оны біз тағамнан, яғни табиғи жолмен алғанымыз жөн. Біздің нарықтағы энергетикалық сусындардың құрамында шамамен 20-40 мл кофеин бар. Бұл адам ағзасына қажетті нормадан бірнеше есе көп. Жалпы адам энергетикалық сусын ішкен соң бойына қан жүгіріп, белсенді болып, сергіп қалатыны рас. Бұл сол кофеиннің әсерінен. Бірақ көп мөлшерде тұтыну тәуелділік тудырады. Оны күнделікті тұтына берген соң жасушаларымыздың оған сезімталдығы төмендей береді. Сондықтан оны көп мөлшерде ішіп қана қанағаттанатын деңгейге жетеді. Көп мөлшерде ол адам ағзасына токсикалық әсер ете бастайды.
Қант — энергетикалық сусындардың құрамында қант өте көп мөлшерде болады. Қантты көп тұтынған сайын миымызда дофамин гормоны бөлінеді. Ал қант ағзамызға түскен соң гликация процесі басталады, яғни клеткалар бір-біріне жабысады. Сосын адамның асқазан, ішек-жолы дертке шалдығады, ұйқы безі бұзылады.
L-карнитин — ең керемет аминқышқылдардың қатарына жатады. Оның адам ағзасына пайдасы мол, ағзамызда майларды тасымалдайды, метахондрияға алып келеді, ол жерден энергия бөлінеді. L-карнитинді спортшылар жақсы көреді, бұл арықтауға көмектесетін заттектердің бірі. Алайда мұны энергетикалық сусыннан алу міндетті емес, оны басқа да тағам түрлерінен алуға болады. Әр нәрсенің өз шегі бар, шегінен шыққан кез келген дүние зиян тигізеді.
Таурин — ол да аминқышқылдардың қатарына жатады. Ол ағзамыздың барлық жасушасында болады. Тауринді ағзаның өзі де бөледі. Оны энергетикалық сусыннан алудың керегі жоқ.
Осылай дей келе, дәрігер энергетикалық сусындарды шамадан көп тұтыну генетикалық өзгерістерге де әкелуі мүмкін екенін айтты. Ауру тудыратын ДНҚ-ақпарат ұрпақтан-ұрпаққа берілуі мүмкін.
Сондай-ақ, кофеин артериалды гипертензияға, жүрек соғысының бұзылысына, миокардтың ишемиясына әкелуі мүмкін. Ұйқысыздық, бас ауруы, мазасыздық, паникалық атакалар, агрессия, шаршағыштық та энергетикалық сусындардың салдары. Дофамин тек осы энергетикалық сусындардан кейін ғана белсенді жұмыс істеуге үйреніп қалғандықтан ағза әрдайым соны қалап тұратын болады, дейді Сманова ханым.
2026 жылы Тараз қаласында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 4 жоба жүзеге асырылады. Аталған жобаны…
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Қызылорда облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен…
Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарында жетістікке жеткен жастардың табысты өкілдерін ілгерілету мақсатында жүзеге…
23 қараша сағат 15:00-де Түркістан төрінде ел тарихындағы алғашқы миллионыншы футбол турнирінің ақтық сайысы өтеді.…
Алматының Атакентінде қыркүйектің 4-6 аралығында Kazbuild 2024 көрмесі өтіп жатыр. Бұл жолы Қытайдың ең ірі…
Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтың тапсырмасымен пробация қызметтері мен полиция бөлімшелерінің өзара іс-қимылының…