Адам «Ланъя» вирусын жануардан жұқтырады. Қазақстанда мұндай вирус тіркелмеген. Бұл туралы Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК хабарлады.
«Ланъя» вирусы алғаш рет 4 жыл бұрын геномдық зерттеу нәтижесінде табылған. Кейін 2 жыл ішінде Қытайдың екі провинциясында 35 адам осындай вирус жұқтырған. Науқастарда мынадай белгілер байқалды: қалтырау, шаршай беру, жөтел, миалгия, жүрек айну, бас ауруы, тәбеттің болмауы.
Бұл — зоонозды инфекция, яғни адамға ауру жануарлардан вирус жұғады.
Үй жануарларынан ешкі мен итте вирусқа антидене бар екені анықталды. Жабайы табиғатта вирус атжалмандарда кездеседі.
Қазақстанда «Ланъя» вирусын жұқтыру жағдайлары жоқ,
деп жазды Covid-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК Telegram-каналында.
Еске салайық, бұған дейін Қытайда емі жоқ жаңа вирус анықталғаны хабарланған еді.