23 қарашада Әлем чемпионатының топтық кезеңінің 1-ші турының матчы өтті, онда Жапония құрамасы Германияны 2:1 есебімен жеңді. Осы тарихи жеңістен кейін «көк самурайлардың» жанкүйерлері өздерінің мәдениеттілігін көрсетіп, ойын өткен Дохадағы «Халифа Интернейшнл» стадионын қоқыстан тазартып кетті.
Жапон жанкүйерлерінің бұл әрекетіне көпшілік таңдана қарады. Дегенмен, жапондықтар қай матчқа қатыспасын, аяқталған соң қалталарынан қоқыс пакеттерін шығарып жан-жағын жинап кетеді. Бұл олардың заңында жасылмаса да, ділінде жазылған.
Сарапшылардың пікірінше, Жапонияда қоқысқа деген көзқарас басқа елдерге қарағанда өзгеше. Тіпті бұл елдің көшелерінде қоқыс жәшіктері көп емес, жапондықтар қоқысты үйге апарып, сол жерде сұрыптайды.
Басқаша айтқанда, жапондықтар бала кезінен артын жинап жүруге дағдыланған. Жапондық жанкүйерлер қоршаған ортаға жауапкершіліктің үздік мысалын паш етіп келеді.
Мектеп бағдарламасы
Жапон мектептерінде оқушылар әртүрлі тапсырмалар орындайды, мысалы, ванна бөлмелерін жуу, едендерді сыпыру, ыдыс жуу. Міндеті — балалар мен жасөспірімдерді жан-жағын таза ұстауға үйрету.
«Біз мұны ерте бастан үйренеміз, сондықтан қайда барсақ та осы әдетімізден арыла алмаймыз «, — деді жапондық жанкүйер Тикако Ехара ВВС-ге.
Жапондықтардың тазалыққа деген құштарлығы алғаш рет 2014 жылы Бразилияда өткен футболдан әлем чемпионатында назар аудартты — жапондық жанкүйерлер мундиалға құрал-сайманын түгендеп келген.

Қоқысқа орын жоқ
Қоқысқа деген көзқарас тек мәдени дәстүрлермен ғана емес, сонымен бірге мемлекеттің орналасу ерекшеліктерімен де байланысты. Жапонияда қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі әсіресе өзекті, өйткені аралдарда оларды көмуге орын жоқ.
Жапония қалдықтардың 90%-ын қайта өңдейді, бірақ бәрібір оның мөлшеріне алаңдайды. Статистикаға сүйенсек, орташа жапондық күн сайын шамамен бір килограмм қоқыс шығарады. Сондықтан жапондықтар қоқыстарды сұрыптау және кәдеге жарату жүйесін жасады, сонымен қатар арнайы «қалдықсыз» философияны ойлап тапты.
Қоғамда «моттайнай» идеясы тарады, онда «оны толық пайдаланбайынша тастамаңыз» делінген.
