Аутизмі бар баланы қалай ажыратамыз және оған қалай көмектесуге болады?

Болашақ корпоративтік қоры маманы, мінез-құлық талдаушысы Айнұр Нұрова аутизммен ауыратын балалардың не себепті қашып кете беретінін және бұл жағдайдың қалай алдын алуға болатынын жазды.

Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті маманы Сағила Манасипова аутизммен ауыратын баланы қалай тануға болатынын және оған қалай көмектесу керек екенін айтып берді.

Бала үйден не себепті қашады?

Аутизм спектрінде бұзылуы бар балалар жиі қашып кетуге бейім және оларға қауіп төнуі мүмкін.

Қашудың алдын алу үшін бұл мінез-құлықтың табиғатын түсіну қажет. Бала неге қашады? Бұл мінез-құлқымен ол не айтқысы келеді?

Мынадай ықтимал себептері бар:

  • Қалаған нәрсесіне немесе орынға қол жеткізу үшін. Дүкенге, көшеге, әткеншекке, тағы басқасына қашады.
  • Бала жүгіргенді жақсы көреді. Көптеген ерекше бала өзін біреу артынан қуғанды ​​ұнатады немесе жай ғана жүгіруді жақсы көреді.
  • Бала өз көңілін аулау үшін немен айналысуды білмейді. Баланың қызығатын іс-әрекеттері шектеулі, дағдылары аз. Өз бетінше және басқа балалармен ойнай алмайды. Жүгіру — оның ЖАЛҒЫЗ ойын-сауығы.
  • Бала қашып, талаптар мен жағымсыз ынталандырудан аулақ болғысы келеді. Үйде отырып, ол үнемі өзіне қойылатын талаптар мен тапсырмаларды орындаудан зерігеді. Ол үшін қашу = құтылу.
  • Аутизмі және дамуында басқа да ерекшелігі бар балалар бөлме тым шулы болса, қашып кетеді.

Балаңыз жиі жүгіріп қашып кететін болса, СЕБЕПТЕРІН БАҚЫЛАҢЫЗ. Қашқанға дейін не болды? Кейін не болды? Әрбір жағдайды жазып алыңыз және талдаңыз.

Бала үйден қашуының алдын алу үшін не істеу керек?

  • Біріншіден, балаңыздың мұндай мінез-құлқы болса, үйіңізге құлып орнату керек. Олар бала бойынан жоғары болуы және бала кілтті өз бетімен ала алмайтындай болуы керек. Терезенің тұтқасын алып тастаңыз, тор қақпа орнатыңыз.
  • Баланың қай жерде жүргенін қадағалап отыратын электрон құрылғы алыңыз. Бала оны өздігінен алып тастай алмауы керек.
  • Балаңызды көмек сұрауға үйретіңіз. Бір жағдай туса, «көмектесіңіздер, мен адасып қалдым» деп айта алуы керек және бала аты-жөні мен мекенжайын білуге тиіс. Бала сөйлемесе, басқа әдістер қолданыңыз: карточка, төсбелгі, білезік немесе «Егер мен жалғыз жүрсем, демек мен жоғалып қалдым» деген футболка. Бұл футболкада мекенжайы мен ата-анасының телефон нөмірі жазылсын.
  • Баланың өз бетінше айналысатын іс-әрекетін ұйымдастыру керек. Балаңыздың дағдыларымен айналысыңыз. Бұл оқу немесе санау емес. Бұл дағды жүгіруді алмастыра алатындай болуы керек. Мысалы, батутта секіру, зеріккенде үзіліс сұрау және тағы басқа.

Айнұр Нұрова, мемлекет ерекше қажеттігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыны қолдаудың басқа түрімен қатар ағарту жұмыстарын жүргізу де аса маңызды екенін айтады.

Әсіресе, облыстарда, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда ерекше балалармен қалай қарым-қатынас орнату керек, мұндай жағдайда не істеуі керек екені жайлы түсіндіру жұмыстары жүруі қажет. Өкінішке қарай, тек көршілер емес, кейде ерекше баланың ата-анасы мен жақын туыстары мұндай өмірлік маңызы бар ақпаратты білмей жатады,

дейді маман .

Аутизмі бар баланы көшеден көрсек, қалай көмектесеміз?

Педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті маманы Сағила Манасипова аутистік спектр дамуы бар балаларды көшеде жүрісінен, қимыл-қозғалысынан байқауға болатынын айтады.

Аутизмі бар балалардың мынадай белгілері бар:

  • Олар жылдам немесе өте баяу қозғалуы мүмкін.
  • Жан-жағына қарағанда басқаша көзқараспен, таңғалып қарағандай болады. Басқа адам жақындағанда көзіне тіке қарамай, жанарын тайдырып әкетеді.
  • Баланың зейіні бір затқа тоқтамайды. Жылтырақ, тез жылжитын заттар, жанып-сөніп тұрған жарық, жазу болса, сол жерде қозғалмай тұрып қалуы мүмкін.
  • Жиі қайталанатын, ерекше қозғалыстар жасайды.
  • Қатты дыбысқа, мысалы, көліктің дыбысына, көлік жолына қарай жүгіруі мүмкін.
  • Ал кейде оқыс қатты шыққан дыбыстан жан-жағына айғайлап, құлағын жауып қашуы мүмкін.
  • Бір сөз тіркесін қайталап айта береді, мульфильмнің немесе фильм кейіпкері сөзімен сөйлеуі ықтимал. Сөйлемейтін бала болса, «аааа» немесе «ууу» деген дыбыстар шығарауы немесе түкіріп, түкірігін қолмен тартып жүруі мүмкін.

Маман мұндай балаларға көмектесу үшін оларға айғайлауға, оқыс жақындауға болмайтынын айтады.

Балаға ақырын жақындап келіп, қолынан ұстап, тыныштандырған дұрыс. «Болмайды», «сен не істеп жатсың» демеу керек. Мұндай сөздер аутизмі бар балалар үшін триггер сөздер қатарына жатады,

дейді Сағила Манасипова.

Мұндай диагнозы бар бала күнделікті тыңдап жүрген сөздерді естісе, қобалжып немесе қозып кетуі мүмкін.

Көшеден аутизмі бар баланы көрсеңіз, эмоцияңызды барынша жұмсартып, күлімдеңіз. Баланы қолыңыздағы затпен алдандыруға тырысыңыз. Қазір кез келген бала телефонды жақсы көреді. «Міне, қара, көр» деп телефонды көрсетіп, баланы өзіңізге жақындатып алыңыз,

деп кеңес береді маман.

Оның айтуынша, баланы шулы, адам көп жиналған жерден алып кету керек.

Ал бала сөйлемейтін болса немесе жалаңаяқ, сырт киімсіз жүргенін байқасаңыз, шулы, адам көп жерден алып кеткен дұрыс. Тыныш жерге барып, баланы сабасына түсіруге тырысыңыз. Ата-анасы жақын жерде болмаса, құқық қорғау органдарына хабар беріңіз. Ең бастысы, мұндай баланың жалғыз жүргенін көрсеңіз, қасынан өтіп кетпеңіз,

дейді Сағила Манасипова.

Еске салайық, бұған дейін 7 тамызда Қостанай облысының Жамбыл ауылында аутизммен ауыратын 5 жасар қыз жоғалған еді. Оның денесі 3 күннен соң судан табылды.

Ал 14 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Согра ауылында аутзмі бар 12 жасар жасөспірім жоғалды. Жасөспірімді 550-ден астам адам іздеді. Баланы 15 тамызда СОБР қызметкері ТМК көпірінің жанындағы шұңқырдан аман-сау тапты

Екі бала да үйінен қашып кеткен.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

3 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

4 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

4 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

5 дней ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

5 дней ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

7 дней ago