Мемлекет басшысы Түркістан облысындағы кездесуде елдегі саяси рефморалар туралы айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір «Әділетті Қазақстан» құрылып жатқанын айтты. Кейінгі жылдары түбегейлі өзгерістер жасап, елді жаңғырту қолға алынды. Маусым айында өткен референдум халықтың бұл бастамаларды қолдайтынын көрсетті.
Саяси реформалар елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтырды. Бұл Президенттік Республика боламыз деген сөз. Расында, ел басқаратын Президент құзырлы, күшті болуы керек. Әйтпесе, кейбір басқа елдердегі сияқты тәртіпсіздікке ұшырауымыз мүмкін. Ал, ондай жағдай халқымызға қасірет әкеледі,
деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, бұдан былай Мәжіліс пен мәслихаттар аралас жүйе бойынша жасақталады. Билік тармақтары арасында тепе-теңдік орнату үшін нақты шаралар қабылданды. Президенттің бірқатар өкілеттігі Парламентке берілді. Өңір басшылары баламалы жолмен таңдалатын болды. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәсілі енгізілді.
Билік пен қоғам арасындағы диалог нығая түсті. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына баса мән беріліп отыр. Бұл ауқымды жұмысты бүкіл қоғамымыз бірлесе атқарды. Дегенмен осымен тоқтап қалуға болмайды. Бәріміз осы сара жолмен ілгері жүруіміз керек,
деді президент.
Айта кетейік, қазір мемлекет басшысы Түркістан облысында ресми сапармен жүр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқымен кездесуде Түркістан облысы жастарына кәсіп бастау үшін 2,5 пайыздық несие берілетінін айтты.
Оған қоса, Сарыағаш ауданында перзентханасы бар медициналық кешен салуды тапсырды.