Ішкі істер министрі жоғалған баланы тапқан полицей Тілек Ерлібековты марапаттады. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов кәмелетке толмаған Темірлан Ахметжановты іздеуге қатысқандардың еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
Әр минут санаулы еді. Бала табылған шұңқырдың тереңдігі үш метр болды. Түнгі уақытта температураның төмендігін ескеретін болсақ, оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді. Қазіргі уақытта іздеу операциясы аяқталды. Іздеуге 400-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.ШҚО ПД арнайы жасағының қызметкері Тілек Ерлібековтың қырағылығының арқасында бала аман-сау табылды,
делінген ведомство таратқан хабарламада.
Тілек Ерлібеков 12 жасар Темірланды қалай тапқанын айтып берді:
Басшылықтың бұйрығы бойынша 11-сектор маған бұйырылды. Іздестіру барысында барлық ғимарат пен шұңқырды қарастырдым. Шұңқырлардың бірінен баланы таптым. Бала өз еркімен шықпайтынын байқадым. Баланы шұңқырдан алып шықтым. Дені сау, аман-есен. Ата-анасына тапсырдым. Соған қуаныштымын,
деді полиция қызметкері.
Баланы тапқаны үшін министр Марат Ахметжанов полицейді “Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін” ведомстволық медалімен марапаттады.
Темірлан табылған соң оны дәрігерлер қарап шықты. Жағдайы қанағаттанарлық болды. Бұл туралы Ана мен бала орталығы қабылдау бөлімі кезекші дәрігері Жадыра Абай айтты.
Кешкі сағат 6-да полиция қызметкерлерімен бірге Ахметжанов Темірлан деген 11 жастағы бала қабылдау бөліміне жеткізілді. Қабылдау бөліміндегі барлық маман баланы қарап, тексерді. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Артериялық қан қысымы, дене температурасы және басқа да көрсеткіштер қалыпты болды. Толық тексерістен өткеннен кейін әкесімен бірге үйіне қайтты,
деді дәрігер.
Бала ары қарай учаскелік педиатр бақылауында болады. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының Согра ауылында 12 жасар жасөспірім жоғалғаны хабарланған еді. Бала 14 тамызда 02:30-да үйінен шығып кеткен. Баланың аты-жөні — Темірлан Ахметжанов. Аутизммен ауырады, сөйлей алмайды. Жасөспірімді 550-ден астам адам іздеді. Баланы 15 тамызда СОБР қызметкері ТМК көпірінің жанындағы шұңқырдан тапты.